
Шығыс Қазақстан облысында электронды білезікпен пробациялық бақылауда жүрген сотталған азамат белгіленген шектеулерді екі рет бұзып, пробация қызметкерлерінен жасырынуға әрекеттенген.
Бұған дейін де ол түнгі уақытта өз бетінше тұрғылықты мекенжайынан шығып, қала ішінде жүргені үшін пробация қызметкерлерінің назарына іліккен. Аталған құқық бұзушылық үшін оған ресми ескерту жасалып, бақылаудан жалтарудың салдары түсіндірілген болатын.
Алайда бұл да жеткіліксіз болды.
Кезекті мониторинг барысында электронды білезік кенеттен байланыстан ажыраған. Дабыл сигналы бірден түсіп, ШҚО бойынша ҚАЖД пробация қызметінің қызметкерлері дереу сотталғанның тұрғылықты мекенжайына барған. Бірақ олар жеткенше азамат үйден кетіп үлгерген.
Пробация қызметінің қызметкерлері екі тәулік бойы іздестіру шараларын жүргізіп, оның қайта оралуы мүмкін деген болжаммен үй маңында кезекшілік атқарған.
Күдік расталды.
Екінші тәулікте сотталған азамат жеке заттарын алу үшін үйіне келген сәтте пробация қызметкерлерімен ұсталды.
Қазіргі таңда оған қатысты жазаны қатаң түрге ауыстыру туралы материал сотқа жолданды.
ШҚО бойынша ҚАЖД мәліметінше, электронды білезік — сотталған азаматқа қоғамнан оқшауланбай, отбасының жанында болып, түзелуге мүмкіндік беретін бақылау шарасы. Алайда жасырынуға әрекеттену мен заң талаптарын елемеу жазаның ауырлауына әкеледі, деді ШҚО бойынша ҚАЖД ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ps/press/news/details/1225581?lang=ru

Жауап қалдыру