
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды: аусыл — ауыл шаруашылығы жануарлары арасында таралатын, ветеринариялық-санитариялық ахуалға елеулі қауіп төндіретін жіті вирустық ауру.
Аталған дертке көбіне ірі қара, шошқа, қой мен ешкі шалдығады. Ауру қоздырғышы науқас жануарлардың сілекейі, сүті, зәрі және ішек бөлінділері арқылы таралады. Инфекция жайылымда, суат басында, қора-жайларда жанасу арқылы, сондай-ақ ластанған жем-шөп, су, төсеніш, күтім құралдары мен қызметкерлердің арнайы киімі арқылы жұғуы мүмкін.
Адамға инфекция ауру малды күту кезінде, вирус жұққан заттармен байланыс жасағанда, сондай-ақ ауру малдан алынған шикі сүт пен сүт өнімдерін тұтыну барысында беріледі. Дегенмен, аусыл адамнан адамға жұқпайды.
Аусылдың алдын алу мақсатында Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға төмендегідей сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:• тек қайнатылған немесе пастерленген сүтті пайдалану;• шығу тегі белгісіз ет және сүт өнімдерін тұтынбау;• мал күтімі кезінде жеке бас гигиенасын сақтау;• арнайы киімді тұрақты түрде залалсыздандырып отыру;• ветеринариялық-санитариялық таңбасы бар ет өнімдерін ғана сатып алу;• жануарлар арасында ауру белгілері немесе өлім-жітім байқалған жағдайда ветеринариялық мамандарға дереу хабарлау.
Аусылдың таралуына жол бермеуде шаруашылықтарда, мал сою орындарында және өнім өңдеу кәсіпорындарында ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейту, сондай-ақ жануарларды уақтылы вакцинациялау айрықша маңызға ие.
Алдын алу шараларын сақтау — халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және аса қауіпті инфекциялардың таралуына тосқауыл қоюдың маңызды кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1225659?lang=ru

Жауап қалдыру