
Өңір басшысы елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.
«Мен сіздерді толғандырған мәселелерді білу үшін ауылдарды арнайы аралап, халықпен кездесіп жүрмін. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, өз шешімін табады. Мен үшін облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі маңызды. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік бағдарламаларды әзірлеп, жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бағдарламаларға тұрғындармен кездесулер барысында көтерілген мәселелер де енгізіледі», – деді облыс әкімі.
Асхат Шахаров Қарашоқат ауылында тұрғындардың өтініші негізінде жаңа мектеп салынғанына тоқталды. 1904 жылы салынған ескі білім ордасы қазіргі талаптарға сай келмеген.
2020 жылы басталған мектеп құрылысы біршама уақыт тоқтап қалып, 2024 жылы демеушілердің қолдауымен қайта жанданып, сол жылдың қараша айында аяқталған. Мәселе облыс әкімінің ықпалымен шешімін тапты.
Асхат Шахаров 120 орындық орта мектепті аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда 99 оқушы білім алуда. Мектепте 35 педагог жұмыс істейді. Биыл білім ордасын 13 түлек аяқтайды, олардың бесеуі – «Алтын белгіге» үміткер.
Мектеп директоры Жаңғырбай Омаровтың айтуынша, оқушылар жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Білім ордасына тірек мектебі мәртебесі беріліп, соның нәтижесінде Шалқар ауданындағы мектептердің бірімен бірлескен онлайн сабақтар ұйымдастырылған. Бұл білім сапасына оң әсерін тигізіп, оқушылар облыстық және республикалық пән олимпиадаларына белсенді қатыса бастаған.
Жаңа мектептің ашылуымен оқу жағдайы жақсарып, бұл білім сапасына да оң ықпал еткен. Сонымен қатар мұнда мектепалды даярлық сыныбы ашылған. Қазір онда 10 бала тәрбиеленіп жатыр, олар келесі жылы бірінші сыныпқа барады.
Қарашоқат ауылының тұрғындары жаңа мектеп үшін облыс әкіміне алғыс білдіріп, ауылды газдандыру мәселесін көтерді. Ауылда 81 үй бар, 400-ден астам адам тұрады.
Кішіқұм ауылдық округінің әкімі Жалғас Табынбеков Қарашоқат пен Шілікті ауылдарын газбен қамту мәселесі 2027 жылғы газдандыру бағдарламасына енгізілетінін алға тартты.
Бұл жаңалық жергілікті тұрғындарды қуантты.
Шілікті ауылында облыс әкімі 2025 жылы ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. Қазіргі таңда мұнда күрес және каратэ секциялары жұмыс істейді. Үлкен спорт залында жасөспірімдер футбол, волейбол және баскетболмен айналысады.
Жергілікті тұрғындар балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлерде сапалы білім беру мен бұқаралық спортты дамытуға аса көңіл бөлінуде. Осы бағытта елді мекендерде мектептер салынып, жаңғыртылып, заманауи спорт нысандары ашылып жатыр. Мұның бәрі тұрғындар, әсіресе балалар мен жастардың, жайлы жағдайда білім алып, спортпен айналысуы үшін жасалуда. Біз алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырып, халықтың өзекті мәселелерін шешу жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Асхат Шахаров.
Тоғыз ауылында облыс әкімі қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа медициналық пунктті көрді. Жобаның жалпы құны 142,2 млн теңге.
Медициналық пункт бір ауысымда 25 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда медбике, санитар және электрик қызмет атқарады.
Тоғыз ауылының тұрғындары жаңа медициналық пунктке дән риза. Медициналық нысан алғашқы көмек көрсетуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған.
«Халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе шалғай ауылдар үшін мұндай нысандар тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar/press/news/details/1225446?lang=ru

Жауап қалдыру