
21 мамыр – елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Астана қаласында бүгінде Мәдениет басқармасына қарасты 13 мәдени мекемеде 2 444 қызметкер еңбек етіп жүр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі таңда елордада театр, музыка, кітапхана, музей және шығармашылық ұжымдардың қызметі қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы мәдени орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Елордада соңғы екі жыл ішінде қаладағы кітапханалар саны 18-ден 25-ке дейін артып, оқырман саны да көбейіп жатыр.
Сонымен қатар, 2025 жылы «Өнер музейі» ашылып, мәдени кеңістіктің маңызды орталығына айналса, биыл симфониялық «Go Simpfony» оркестрінің ашылуы өнерсүйер қауымға рухани серпін берді.
Жалпы 2025 жылы 20 мыңнан астам мәдени іс-шара өтіп, 200 миллионға жуық көрерменді қамтыған.
Бүгінгі таңда қалалық әкімдікке қарасты жеті театр жұмыс істейді: Жастар театры, Наз мемлекеттік би театры, Қуыршақ театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры және Қанаттылар инклюзивті театры.
Басқармаға қарасты театрлар жұмысына келер болсақ, театрлардың инфрақұрылымын дамытуға, материалдық-техникалық базасын жақсартуға және репертуарын жаңартуға ерекше назар аударылуда. Нәтижесінде өткен жылы елорда театрлары көрермендерінің саны 30%-ға өсті.
Мәселен, Дулат Исабековтің шығармасы негізінде сахналанған «Гауһартас» қойылымы еліміздің 14 қаласында көрсетіліп, бүгінгі таңда 300-ден астам рет көрермен назарына ұсынылды. «Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясында «Үздік спектакль» деп танылды.
Сондай-ақ, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» қойылымы және М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Әлия» драмасы көрермендер тарапынан жылы қабылданып, тұрақты сұранысқа ие.
Қаламыздағы театрлардың әрқайсысы өз ерекшелігін сақтап, көрерменге сапалы, қызықты қойылымдар ұсынуда. Жастар театры – 15 жылдан астам уақыт бойы қаладағы ең сұранысқа ие ұжым болып отыр. «Наз» би театры ұлттық би өнерін дамытуда үлкен үлес қосуда.
Қуыршақ театры кішкентай ғимаратта болса да, жас көрермендердің қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Осылайша, Астана қаласындағы театрлар мәдени өмірдің маңызды орталығына айналып, халыққа сапалы өнер көрсетуді жалғастыруда, ұлттық және заманауи мәдениетті дамытуда ерекше рөл атқарып келеді.
«Заң мен тәртіп», нашақорлық, Таза Қазақстан тақырыптары да театр сахнасында сахналанып, қоғамға ой салады.
Соңғы жылдары Астана театрларының ел арасына гастрольдік сапарлары артты, сонымен қатар өңірлік театрлар да елорда сахнасында өнер көрсетті. Бұл өзара тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға, ұлттық мәдениеттің сапалы үлгілерін бүкіл елге танытуға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1225774?lang=ru

Жауап қалдыру