
Эбола қызбасы — ауыр ағыммен өтетін әрі өлім-жітім деңгейі жоғары аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы — Эбола вирусы. Ол геморрагиялық қызбаны туындатып, ішкі және сыртқы қан кетулермен асқынуы мүмкін.
Аталған дерт алғаш рет 1976 жылы Судан мен Конго Демократиялық Республикасында тіркелген. Вирус атауы індет алғаш анықталған аумаққа жақын орналасқан Эбола өзенінің құрметіне берілген.
Инфекцияның негізгі көзі ретінде жұқтырған жабайы жануарлар, әсіресе жарқанаттар мен кейбір примат түрлері қарастырылады. Вирус адамға ауру жануарлардың немесе науқастың қаны және өзге де биологиялық сұйықтықтары арқылы жұғады. Сондай-ақ инфекция науқас пайдаланған заттар арқылы да таралуы ықтимал.
Аурудың басты белгілеріне дене қызуының күрт көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, бас ауруы, жүрек айну, құсу және іш өту жатады. Дерт асқынған жағдайда қан кету, ішкі ағзалардың зақымдануы және ағза қызметінің жеткіліксіздігі байқалуы мүмкін.
Жасырын кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылады. Науқас алғашқы белгілер пайда болған сәттен бастап айналасына жұқтыра алады. Әсіресе сырқат адаммен жақын байланыста болған кезде және санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаған жағдайда жұқтыру қаупі артады.
Қазіргі таңда Эбола қызбасының алдын алуда жеке қорғану шараларын сақтау, инфекция көзі болуы мүмкін жағдайлардан сақтану және қауіпті аймақтардан келгеннен кейін денсаулықтағы өзгерістерге мұқият қарау маңызды.
Егер ауруға күдік туындаса, дереу медициналық көмекке жүгініп, індет тіркелген елдерде болғаныңыз туралы дәрігерге алдын ала хабарлау қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1225688?lang=ru

Жауап қалдыру