Мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Салтанатты марапаттау рәсімі облыс әкімдігінде өтті. Шара барысында өңірдің рухани өмірін дамытуға елеулі үлес қосқан мәдениет, өнер және кітапхана саласының өкілдері марапатталды.

Ел Президентінің Жарлығымен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжанова мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Алдаберген Жақсыбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Мәдениет саласы қызметкерлерін құттықтаған Асхат Шахаров олардың рухани құндылықтарды сақтаудағы және ұлттық өнерді дамытудағы рөлін атап өтті.

«Сіздер өмірлеріңізді өнер мен мәдениетке қызмет етуге арнадыңыздар. Сіздердің таланттарыңыз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен көпжылдық еңбектеріңіздің арқасында халқымыздың рухани байлығы нығая түсуде. Шығармашылықтарыңыз жас ұрпақты шабыттандырып, Ақтөбе облысының абыройын алысқа танытып келеді. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін және шығармашылық табыс, зор денсаулық пен жаңа жетістіктер тілеймін», — деді өңір басшысы.

Шалқия Бақытжанова театр сахнасында 50 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Шығармашылық жолында ол ондаған жарқын рөлдерді сомдап, сахнада қазақ әйел-аналарының терең әрі есте қаларлық бейнелерін кемеліне келтіре бейнеледі. Актриса әріптестері мен көрермендерінің зор құрметіне бөленіп, жас әртістерге мол тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлікпен айналысып жүр.

Алдаберген Жақсыбаев — өнерге 30 жылдан астам ғұмырын арнаған белгілі орындаушы әрі мәдениет қайраткері. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты ретінде ол өңірдің музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Қазіргі таңда өнер иесі Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Дауыс» шығармашылық ұжымын табысты басқарып келеді.

Сондай-ақ бүгінгі салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Гуля Сейітова марапатталды.

Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі Мәртөк ауданы Кенсахара ауылы клубының мәдени ұйымдастырушысы Бибігүл Айтбаева мен Ырғыз аудандық мәдениет үйі кәсіподағының төрайымы Гүлжанат Махмутоваға табысталды.

Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Қобда ауданы Бұлақ ауылы клубының мәдени ұйымдастырушысы Нұрсәуле Жаманова марапатталды.

Марапат иелері Мемлекет басшысы мен облыс басшылығына еңбектеріне жоғары баға бергені үшін алғыс білдіріп, мәдениет пен өнерге көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-martuk/press/news/details/1226768?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді