Бурабай ауданында вокзал жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Щучинск қаласындағы «Курорт-Бурабай» вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Толықтай жаңартылған нысанды маусым айының ортасында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жұмыс барысымен жұмыс сапары аясында облыс әкімі Марат Ахметжанов танысты.

1988 жылы салынған ғимарат ұзақ жылдар бойы өңірдегі ең сұранысқа ие көлік нысандарының бірі болып келді. Мұнда соңғы жөндеу жұмыстары 10 жылдан астам уақыт бұрын, 2013 жылы жүргізілген.

Қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталды. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары іс жүзінде аяқталған: ішкі бөлмелер толық жаңартылып, әлсіз ток желілерін орнату және платформа аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Нысанның дайындық деңгейі 95%-ға жетті.

Жөндеуден кейін вокзал қауіпсіздік пен жайлылықтың барлық талаптарына сай келетін заманауи көлік торабына айналады. Аумағы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайтын төрт қабатты ғимаратта кең күту залдары, жаңа билет кассалары, санитарлық бөлмелер, заманауи навигация және цифрлық ақпараттандыру жүйелері орналасады.

«Негізгі назар платформаны жаңғыртуға және жолаушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға аударылды. Ол толықтай заманауи стандарттарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделеді. Ғимарат ішінде инженерлік жүйелер жаңартылып, лифт пен көтергіш құрылғылар орнатылды, жиһаздар мен қажетті жабдықтар жеткізілді», – деді мердігер ұйымның басшысы Руслан Жалмағамбетов.

Технологиялық жабдықтауға да ерекше көңіл бөлінген. Мұнда бейнебақылау жүйелері, ақпараттық таблолар, өрт дабылы және заманауи компьютерлік техника орнатылуда.

«Заманауи туризм қонақүйден де, көлден де емес, инфрақұрылымнан басталады. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау маңызды, ал ол ең алдымен перроннан басталады», – деп атап өтті облыс әкімі нысанды аралау барысында.

Айта кетейік, Ақмола облысы вокзалдарды жаңғырту ауқымы бойынша елімізде көш бастап тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде бірден 16 нысан қайта жаңғыртылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1226936?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді