Мойынқұмда «Батаменен ел көгерер» атты аудандық батагөйлер байқауы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мойынқұм ауылындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен ұлттық руханият пен ата дәстүрді дәріптеуге бағытталған «Батаменен ел көгерер» атты аудандық батагөйлер байқауы өтті.

Тағылымы мол шараға Мойынқұм ауданына қарасты 16 ауылдық округтен келген ақсақалдар қатысып, қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бата беру дәстүрін насихаттады. Байқаудың негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды ұлықтау, үлкеннің өнегелі сөзін жас ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ қазақы тәлім-тәрбиені кеңінен дәріптеу.

Шара барысында ақсақалдар өмірлік тәжірибеге толы, тәрбиелік мәні терең баталарын беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Батагөй қариялардың әрбір сөзі елдік пен бірлікке, татулық пен ізгілікке үндеп, ұлттық тәрбиенің маңызын айшықтай түсті.

Байқау қатысушыларының өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Бағалау кезінде қатысушылардың сөз саптауы, бата мазмұнының тереңдігі, сахна мәдениеті, орындау шеберлігі мен ұлттық дәстүрді жеткізу ерекшеліктеріне басымдық берілді.

Көпшілік назарына ұсынылған баталардың мазмұны халқымыздың рухани мұрасын, ата-бабадан қалған өнегені және өмірлік философияны кеңінен қамтыды. Ақсақалдардың жүректен шыққан ақ тілектері мен даналыққа толы сөздері көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.

Байқау қорытындысы бойынша:

🥇 І орын — Биназар ауылының қариясы Көпбаев Қанат
🥈 ІІ орын — Шығанақ ауылының ақсақалы Екібаев Бейсен
🥉 ІІІ орын — Хантау ауылының қариясы Қуанышев Болат және Бірлік ауылының ақсақалы Молдабаев Дәндібай иеленді.

Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, бас жүлде иегеріне облыстық деңгейде өтетін батагөйлер байқауына қатысуға жолдама табысталды.

Аталған шара — ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақ санасына ата дәстүрдің маңызын сіңіруге бағытталған маңызды рухани бастамалардың бірі болды. Себебі халқымызда «Батамен ел көгерер» деген тағылымды сөз бекер айтылмаған. Үлкеннің батасы — елдің ынтымағы мен берекесінің, ұлт руханиятының айқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1227453?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді