
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында өткен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шараға арнайы қатысты.
Шара барысында шаһар басшысы жылы лебізін жеткізіп, түлектерге сәт сапар тіледі.
Бүгін қаладағы 113 мектепте оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау рәсімдері өтіп, 5 620 жас түлек үлкен өмір жолына қадам басты. Биыл «Алтын белгі» белгісіне 304 түлек үміткер болса, олардың 7-еуі – аталған мектептің оқушылары.
Ағымдағы оқу жылында шаһардағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер бой көтерді. Нәтижесінде үш ауысымды, орын тапшылығы бар оқу ордаларының мәселесі толығымен шешімін тапты. Бұл өз кезегінде балалардың сапалы білім алып, ұстаздардың қолайлы жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Өткен жылы 4 мектеп күрделі, 24 оқу ошағы ағымды жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, 2 «Келешек мектебі» пайдалануға беріліп, тағы 2 білім ордасында 300 орынды жапсарлас ғимарат салынды. Ал, биыл №27 мектептің 600 орынды жаңа ғимаратының құрылысы және №54 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, оқу жылы барысында халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда, шығармашылық байқауларда қала оқушылары 23 алтын, 26 күміс, 17 қола медалді иеленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1227796?lang=ru

Жауап қалдыру