
Сарыөзек гарнизонындағы 12740 және 29108 әскери бөлімдерінде Отан қорғаушылар қатарына жаңадан қосылған жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылды. Елдің түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам жас жауынгер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге және ел қауіпсіздігін қорғауға ант берді.
Әскери ант қабылдау рәсімі – әрбір сарбаздың өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Бұл күн жас жауынгерлер үшін азаматтық өмірден әскери тәртіп пен жауапкершілікке қадам басқан тарихи күн ретінде есте қалды.
Салтанатты шараға жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, әскери бөлім командирлері, ардагерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Қонақтар жас жауынгерлерге ақжарма тілектерін айтып, Отан алдындағы борышты абыроймен атқаруға шақырды.
Рәсім барысында Мемлекеттік Ту шығарылып, Әнұран орындалды. Жас сарбаздар сап түзеп, әскери ант мәтінін салтанатты жағдайда оқыды. Әскери бөлім басшылығы ант қабылдаған сарбаздарға сәтті қызмет пен мықты денсаулық тіледі.
Шараның ерекше әсерлі сәттерінің бірі – сарбаздардың саптық дайындық бойынша көрсеткен өнері болды. Жас жауынгерлер қарумен және қарусыз орындалатын саптық элементтерді жоғары деңгейде меңгергендерін көрсетті. Сонымен қатар әскери оркестрдің орындауындағы патриоттық музыкалар мен дефиле көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ата-аналар үшін бұл күн ерекше мақтанышқа толы болды. Олар өз перзенттерінің әскери сапта нық тұрғанын көріп, ел қорғайтын азамат болып қалыптасып келе жатқанына қуаныштарын білдірді.
- Бүгінгі күн мен үшін ерекше әрі өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі болды. Әскери ант қабылдау – әрбір азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін сезінетін тарихи кезең деп ойлаймын. Мен осы сәтті үлкен мақтанышпен қабылдадым. Мен Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, халқымыздың тыныштығы мен ел қауіпсіздігін қорғауға әрдайым дайынмын. Бізге артылған сенімді ақтап, әскери қызметті абыроймен атқарамыз деп сенемін, – деп бөлісті жас сарбаз қатардағы жауынгер Нұрдаулет Мұқанов.
Мұндай салтанатты рәсімдер жас сарбаздардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, әскери қызметтің маңызын арттыра түседі. Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы екенін сезінген жас жауынгерлер алдағы қызметтерін абыроймен атқаруға дайын екендіктерін көрсеттті.
Сарыөзек гарнизоны бапасөз қызметінің бастығы
подполковник Абзал Сартаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-kerbulak/press/news/details/1227965?lang=ru

Жауап қалдыру