
2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқырман ұлт қалыптастыруға, қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға және адами капиталды дамытуға бағытталған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Осыған орай бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында аталған Жарлықты іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, кітапхана ісінің мамандары мен сарапшылар қатысты.
Кездесу барысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман ортасын кеңейту, баспа ісін қолдау және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайту мәселелері сөз болды.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жарлықты іске асыру бойынша қоғамда, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі арнайы жоспар әзірлеп жатқаны айтылды. Құжатта ұйымдастырушылық, заңнамалық, инфрақұрылымдық және ақпараттық бағыттағы шаралар көзделеді.
Сонымен қатар «Кітапхана және кітап басып шығару ісі туралы» заң жобасын әзірлеу жұмыстары басталғаны хабарланды. Бұл құжат кітапхана ісі, кітап шығару, кітап тарату және отандық әдебиетті мемлекеттік қолдау мәселелерін кешенді түрде реттеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, кітапханаларды жаңғырту, қорларды заманауи әдебиеттермен толықтыру және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысында Жарлықты жүзеге асырудың нақты бағыттары пысықталып, қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағыттары айқындалды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1227993?lang=ru

Жауап қалдыру