
Биылғы 1 маусымнан бастап Алматыда жазғы буккроссинг алаңдары жұмыс істей бастайды. Бұл алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтары кітаптарды тегін алып оқып, өзара алмастыра алады. Жоба зияткерлік демалысты дамытуға және қоғамдық кеңістіктерде кітап оқуды насихаттауға бағытталған.
Кітап сөрелері Ганди және Қарғалы саябақтарында, М. Мақатаев атындағы скверде, сондай-ақ Центральная көшесі, 12Б мекенжайындағы №44 кітапханада орналастырылады. Ал шілде айынан бастап буккроссинг алаңы Гоголь көшесі, 109 мекенжайында орналасқан А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада да ашылады.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы өкілдерінің мәліметінше, кітап сөрелері дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітап қоры тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сөрелерге көркем әдебиет, танымдық және мотивациялық кітаптар қойылады.
Жоба қалалық кеңістіктерді демалыс орны ғана емес, мәдени әрі зияткерлік байланыс орнататын ортаға айналдыруды көздейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, буккроссинг форматы тұрғындарға таза ауада кітап оқып қана қоймай, кітаптарын өзге оқырмандармен бөлісуге де мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1228870?lang=ru

Жауап қалдыру