Жетісу облыстық мәслихатының бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өтті.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша – 2025 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Ж. Керімбекова, сонымен бірге Тексеру комиссиясының төрағасы А. Тоқбергенов қорытынды баяндама жасады.

Отырыс барысында облыстық бюджеттің атқарылуы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылғаны және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, экономиканың және әлеуметтік саланың басым бағыттарын қаржыландыруға, сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыруға бағытталғаны атап өтілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің кірістері 100,0% орындалып, 543 259,1 млн теңгені құрады. Шығыстардың орындалу деңгейі 98,1% (598 909,3 млн теңге) болды. Бюджет қаражатының игерілмеуі        11 440,2 млн теңгені құрады, оның негізгі себептері республикалық бюджеттен кредиттік қаражаттың уақтылы түспеуі, орындалған жұмыстар актілерінің болмауы, мердігер ұйымдармен сот дауларының туындауы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемдеу болып табылады.

Салалар бөлінісінде бюджет қаражатының елеулі бөлігі әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жұмсалған: білім беру (40,0%), денсаулық сақтау (4,7%), әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру (5,0%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (5,3%), ауыл шаруашылығы (8,3%), көлік және коммуникациялар (6,8%), сондай-ақ мәдениет, спорт және ақпараттық сала (4,7%).

Талқылау барысында депутаттар бюджет қаражатын игерудің тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру, құрылыс нысандарының мерзімдерін сақтау, сондай-ақ мердігер ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Депутаттар алдағы жұмысты бюджет қаражатын ашық, тиімді және нәтижелі пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағыттау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2025 жылы атқарған қызметі, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 125-бабы 2-тармағына сәйкес даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы және 2025 жылға арналған бюджеттің орындалуы мен Жетісу облысында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу туралы мәселелер бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қ. Сүлейменов баяндады.

Баяндамашының айтуынша, 2025 жылы облыста 319 мемлекеттік мәдениет және архив мекемесі халыққа қызмет көрсетті. Сала бойынша жалпы бюджет көлемі 18,2 млрд теңгені құрап, бюджеттік бағдарламалардың орындалуы 99,7%-ды құрады.

«Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс» жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. «ArtSport» платформасында 81 өнім беруші және 60 шығармашылық үйірме түрі тіркелді. Шығармашылық үйірмелерге  7481 бала қатысып, 10 132 ваучер іске қосылды.

Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 588,4 млн теңге бөлініп, автокөліктер, сахналық және компьютерлік жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, есепті жылы облыста 5 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, бірқатар ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізілді.

Жыл ішінде облыс көлемінде 31 223 мәдени іс-шара өткізіліп, оған  2,8 млн-нан астам адам қатысты. Ұлттық домбыра күні қарсаңында Талдықорған қаласында 5000 домбырашының қатысуымен ерекше мәдени рекорд орнатылды.

Б.Римова атындағы академиялық драма театры 204 спектакль қойып, 41,5 мың көрерменді қамтыды. Д. Рақышев атындағы облыстық филармония      202 іс-шара өткізіп, 93 мыңнан астам көрермен жинады.

Кітапханаларда 12 694 іс-шара ұйымдастырылып, 617 мыңнан астам адам қамтылды. Кітап қоры 2,8 млн дананы құрады. Облыс музейлерінің қоры 49 мыңнан астам экспонатқа жетіп, 738 жаңа жәдігермен толықтырылды.

Сондай-ақ, өңірдің аумағында 1158 тарих және мәдениет ескерткіші және 45 сакралды нысан орналасқан. Осы нысандарды пайдалану, қорғау және тиімді басқару мақсатында қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу қажеттілігі туындап отыр.

Бұл шара ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге, оларды күтіп-ұстау шығындарын өтеуге және тарихи-мәдени мұраны ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған мөлшерлемелер ескерткіштерді коммерциялық немесе өзге де мақсатта пайдалануда бірыңғай тәртіп орнатуға бағытталған.

Күн тәртібіндегі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысында 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А. Бекетаев баяндады, қосымша баяндамаларды  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б. Абибеков пен облыстық білім басқармасының басшысы Д. Жүнісов жасады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында «Таза Қазақстан» бастамасын елдің экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және әрбір азаматтың табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидатын қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық міндет ретінде айқындап берген болатын. Осыған орай аталған бастама аясында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы тарапынан аймақтық жоспардың басқармаға тиесілі 12 тармағы толық орындалды.

2025 жылы облыс көлемінде 400-ден астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 227 мың адам қатысты. Нәтижесінде 134,9 мың көшет отырғызылып, 16 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «7 ÖZEN», «Taza FEST», «GreenSteppe», «Эко керуен» секілді жобалар ұйымдастырылып, өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын ақпараттық сүйемелдеу аясында республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 380 бейнематериал мен 635 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 83 мыңнан астам ақпараттық материал орналастырылды.

Бұдан бөлек, эковолонтерлікті дамыту бағытында волонтерлік ұйымдарға гранттық қолдау көрсетіліп, табиғатты қорғау және экологиялық ағарту жұмыстары жүйелі түрде жалғастырылуда.

Бесінші мәселе бойынша Жетісу облыстық мәслихаты «Жетісу облысының әлеуметтік маңызы бар қатынастарының тізбесін айқындау туралы» 2026 жылғы 5 ақпандағы №34-206 шешіміне өзгеріс енгізу туралы шешімді қарады. Қабылданған өзгеріске сәйкес әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесі жаңа редакцияда бекітілді. Бұл өзгерістер өңірдегі әлеуметтік маңызы бар бағыттарды нақтылау мен оларды қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Алтыншы мәселе бойынша Жетісу облыстық мәслихаты «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК үшін диагностика ғимаратын салу және оны компьютерлік томографпен жабдықтау жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 2027–2031 жылдарға мемлекеттік міндеттемелер қабылдау туралы шешімді қарады. Жоба өңір тұрғындарына жоғары технологиялық диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған.

Жетінші мәселе – Жетісу облысының сәулет және қалақұрылыс басқармасының «Жетісу облысының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы» қаралды. Аталған құжат елді мекендердің перспективалық дамуын айқындауға, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді орналастыруға, сондай-ақ өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды стратегиялық бастама болып табылады. Құжат аясында аумақтарды ұтымды пайдалану, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту мәселелері қамтылған.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді облыстық мәслихаттың кезекті XXXVІІ сессиясының қарауына шығару туралы шешім қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1228882?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді