
Ұрланған малды жеңіл көліктің салонында тасымалдаған: ШҚО-да мал ұрлығы ашылды
Шығыс Қазақстан облысында «Бекет» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мал ұрлығы фактісінің жолын кесті.
Майқапшағай – Зайсан тасжолын патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары 43 жастағы ер адам тізгіндеген Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлікті тексеру барысында салоннан ілеспе құжаттары жоқ төрт бас ұсақ мал табылды.
Тексеру нәтижесінде аталған малдың жергілікті тұрғыннан ұрланғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті малды кейіннен сату мақсатында алып кетпек болған, алайда полиция қызметкерлерімен ұсталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұрланған мал тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертеді. Малды қараусыз еркін жайылымда қалдырмау және жоғалу немесе ұрлық фактілері туралы «102» арнасына дер кезінде хабарлау қажет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1228908?lang=ru

Жауап қалдыру