
Ақмола облысында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде аталып өтті. Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен мерекелік жиынға облыстың барлық аудан-қалаларынан мәдениет саласының қызметкерлері, шығармашылық ұжымдар мен өнер майталмандары қатысты.
Мәдениет және өнер өкілдерін облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтап, олардың өңірдің рухани дамуына қосып жүрген еңбектерін ерекше атап өтті. Аймақ басшысы өз сөзінде мәдениет пен өнердің ұлт болашағындағы маңызына тоқталып, ұлттық мұраны дәріптеп жүрген сала қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Іс-шара барысында өңірдің мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар көпшілік асыға күткен «Өнер – халық қазынасы» облыстық байқауының қорытындысы жарияланды.
Байқау нәтижесінде Ерейментау ауданының өнерпаздары жүлделі ІІІ орынға ие болып, 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Бұл – аудан өнерпаздарының шығармашылық еңбегі мен талантының жоғары бағаланғанының айқын көрінісі.
Сондай-ақ Ерейментау ауданынан барған жасөспірімдер би ұжымы мерекелік гала-концертте өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жас бишілердің сахнадағы жарқын өнері аудан мәдениетінің деңгейін тағы бір мәрте танытып, ерекше қошеметке ие болды.
Айта кету керек, аталмыш байқауда Гран-при иегерлеріне Chevrolet Cobalt автокөліктерін сатып алуға сертификаттар табысталды. Бас жүлдені Целиноград және Бурабай аудандары, сондай-ақ Степногорск пен Қосшы қалалары иеленді.
Мерекелік шара әсерлі гала-концертпен қорытындыланып, өнер сүйер қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ерейментау ауданының өнерпаздары бұл шарада өздерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін лайықты деңгейде көрсете білді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-ereymen/press/news/details/1229480?lang=ru

Жауап қалдыру