
Қазақстандық студенттер «Эко-заковат» халықаралық байқауында күміс жүлдеге ие болды
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өткен халықаралық «Эко-заковат» экологиялық байқауында жүлделі ІІ орынды иеленді.
Халықаралық байқау 6-9 маусым аралығында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан мемлекеттерінен және Өзбекстан Республикасының барлық өңірлерінен келген жастар командалары қатысты.
Байқау барысында қатысушылар экология, қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша білімдері мен кәсіби даярлықтарын көрсетті. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелер талқыланды.
Университет командасына ботаника кафедрасының аға оқытушысы, экология магистрі Роза Мусина жетекшілік етті.
Команда құрамында Гюная Аллахвердиева, Мадина Әсетқызы, Әлишер Жексембаев, Айжан Сарсенова, Малика Ташкенбаева, Біржан Оспан болды.
«Эко-заковат» халықаралық байқауы жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларды қолдауға бағытталған.
Студенттердің жетістігін Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы консулы Абзал Нұрашов құттықтап, қазақстандық жастардың халықаралық экологиялық жобалар мен бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық байқаудағы жүлделі орын университет студенттерінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, олардың ғылыми-зерттеу және қоғамдық қызметке белсенді қатысуын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1237282?lang=ru

Жауап қалдыру