Қауіпті хайп: Павлодарда Geely Monjaro көлігінің жүргізушісі мен жолаушылары лайк үшін жолда қауіпті әрекетке барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қозғалыс кезінде терезеден денелерін шығарған жолаушылары бар кроссовер жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желідегі лайк пен қаралым қуалау жолдағы қайғылы жағдайға ұласуға шақ қалып, ақыры полицияға түсініктеме берумен аяқталды. Тәртіп сақшыларының назарына көлік қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, қауіпті әрекеттер жасаған жастардың бейнежазбасы ілікті.

Кадрлардан жас жігіттердің әсерлі бейне түсіру мақсатында жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің терезелерінен денелерін шығарғаны көрінеді. Полицейлер экстремалды контент түсірген азаматтарды қысқа мерзімде анықтады. Оқиғаның 3 маусым күні Павлодар әуежайы маңындағы тасжолда болғаны белгілі болды. Бір топ жас жол үстінде мобильді фотосессия ұйымдастырып, өздерінің ғана емес, жүргізушінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.

Geely Monjaro көлігін 25 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Енді достарының қауіпті ермегі үшін жауапты да сол болмақ. Жол қозғалысы ережелері мен жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция тағы да ескертеді: әлеуметтік желідегі бірнеше секундтық бейнеролик адам өмірі мен денсаулығынан қымбат емес. Мұндай қауіпті әрекеттер жиі ауыр жарақаттарға, тіпті адам өліміне әкеліп жатады. Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларды ақылға жүгінуге, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және интернеттегі өткінші танымалдық үшін өз өмірлерін қатерге тікпеуге шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1237101?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді