
Өңірде онкологиялық көмек көрсету жүйесі дамып келеді
Жамбыл облысында онкологиялық көмекті 21 бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымындағы онкологиялық кабинет көрсетеді. Бұл бағытта 17 негізгі және 6 қосымша маман қызмет атқарады. Сонымен қатар, өңірде 22 маммолог кабинеті жұмыс істейді.
Ерте анықтау жұмыстарын күшейту мақсатында 166 қарап-тексеру кабинеті (оның ішінде 137 әйелдер және 29 ерлер кабинеті) халыққа қызмет көрсетуде.
Облыста 25 маммографиялық құрылғы бар, олардың бір бөлігі Тараз қаласында, қалғаны аудандық деңгейде орналасқан. Мойынқұм ауданында жылжымалы құрылғы жұмыс істейді.
Соңғы жылдары диагностика сапасын арттыруға басымдық берілуде. 2025 жылы енгізілген жасанды интеллект технологиясы арқылы 10 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 61 қатерлі ісік анықталса, 2026 жылы 9 мыңнан астам тексеруде 23 жағдай тіркелді.
Емдік-диагностикалық көмек көрсету үшін облыста 255 төсек-орын қарастырылған. Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда сызықтық үдеткіш, МРТ, КТ, сандық маммограф және өзге де жоғары технологиялық құрылғылар жұмыс істейді.
2026 жылдың алғашқы төрт айында орталықта 14 мыңнан астам қаралу тіркеліп, оның едәуір бөлігін ауыл тұрғындары құрады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1237012?lang=kk

Жауап қалдыру