
«Жолдағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жазғы лагерьде демалып жатқан балалармен танымдық әрі тәрбиелік кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау, құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіріп, бағдаршамнан дұрыс өту, жаяу жүргіншілер өткелін қауіпсіз пайдалану тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар самокат пен велосипедті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі айтылып, жолдан өтер кезде міндетті түрде көліктен түсіп, жаяу жүру керектігі ескертілді.
Балалар полицияның қызметтік автокөлігімен танысып, арнайы құрал-жабдықтарды қызығушылықпен тамашалады. Тәртіп сақшылары полиция қызметінің ерекшеліктері туралы айтып, балалардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара барысында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балаларға жолда мұқият болу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздік ережелерін әрдайым ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған.
https://www.instagram.com/reel/DZNE0A7MIs9/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1236187?lang=ru

Жауап қалдыру