Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

12 маусым күні Астана әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың төрағалығымен «Kazak Protein» ЖШС, Халықаралық агроөнеркәсіптік Tiryaki Agro холдингі және Янчжоу қаласының (ҚХР) делегациясы өкілдерімен кездесу өтті.

Оның барысында елорданың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, Астана мен Янчжоу қалалары арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Қытай делегациясын Янчжоу қаласы мэрінің орынбасары Лу Сюэмин басқарды. Сонымен қатар, кездесуге Янчжоу қаласы Сауда бюросының бас директоры Чэ Гохуа, Tiryaki Agro компаниялар тобының президенті Ахмет Тирьякиоглу және «Kazak Protein» ЖШС бас директоры Көксал Салих Юлдыз қатысты.

Қытай тарапы Цзянсу провинциясының ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналатын Янчжоу қаласының экономикалық әлеуетін таныстырды. Қалада машина жасау, химия, электроника және тоқыма өнеркәсібі жақсы дамыған, сондай-ақ Шығыс Қытайдағы ең ірі теңіз порттарына жақын орналасуы оның логистикалық артықшылықтарының бірі болып табылады.

Астана қаласының инвестициялық әлеуеті мен қалалық экономиканы дамытудың басым бағыттарын қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты.

Янчжоу қаласы делегациясының сапары таныстыру сипатында өтіп, екі қаланың әлеуетін зерделеуге, тікелей байланыстар орнатуға және инвестициялық саладағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын талқылауға бағытталды.

 

https://www.instagram.com/p/DZiRjCOgxQk/?hl=ru

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1241236?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді