
🔹Ордабасы ауданының намысын халықаралық аренада асқақтатқан жас шахматшы Байділдә Аружан Маратиллақызы тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді.
🔹Бөржар ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының 11 жастағы тұрғыны Испанияның Гуардамар қаласында өткен тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасындағы IPCA шахматтан XXV Әлем чемпионатында ел мерейін үстем етті.
🔹2026 жылғы 1–13 маусым аралығында өткен дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты шахматшылар қатысып, өзара бақ сынады. Осы жарыста жас өрен Байділдә Аружан жоғары шеберлігі мен табандылығын танытып, блиц бағдарламасында қарсыластарының барлығынан басым түсіп, Әлем чемпионы атанды. Нәтижесінде алтын медальді жеңіп алып, көк Туымызды көкке көтерді.
🔹 Айта кетейік, Аружанның әкесі әрі жаттықтырушысы Жамангараев Маратилла Байділлаевич Темірлан спорт клубында шахматтан жаттықтырушы болып еңбек етеді. Шахматшы отбасынан шыққан Аружан бұған дейін де түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.
🔹Сонымен қатар Аружан рапид бағдарламасы бойынша қола жүлдені иеленсе, классикалық шахмат сайысында күміс медальға қол жеткізді. Осылайша жас шахматшы әлем чемпионатынан бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен оралды.
🔹Аружан бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, Қырғыз Республикасында өткен Азия чемпионатында топ жарып, Азия чемпионы атанған болатын. Оның спорттық қоржынында рапидтен алтын медаль, блицтен екі күміс медаль және классикалық шахматтан екі күміс медаль жүлделі орындарды иеленген.
🔹Аружанның әлем чемпионатындағы жоғары нәтижесі оның шахматтағы қарымды қабілеті мен мақсаткерлігін айқын көрсетті. Халықаралық аренада қол жеткізілген бұл жетістік қазақстандық шахматтың әлеуетін танытып, жас спортшының болашақтағы жаңа белестерге бастар маңызды қадамына айналды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызыметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1241262?lang=ru

Жауап қалдыру