Өнеркәсіптік объектілердегі кәсіптік аурулардың алдын алу

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Кәсіптік аурулар өндірістік ортаның қызметкерлердің денсаулығына әсер етуінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Олардың пайда болуы химиялық заттар, өндірістік шаң, шу, діріл, қолайсыз микроклимат және өндірістік ортаның басқа да зиянды әрі қауіпті факторларының әсерімен байланысты. Мұндай аурулардың туындауының алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жұмыс берушілердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасында кәсіптік аурулардың алдын алу мәселелері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексімен, өндірістік бақылау саласындағы санитариялық қағидалармен, сондай-ақ қызметкерлерді міндетті медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілермен реттеледі:
 Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі.
 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығы «Міндетті медициналық қарап-тексеруге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу қағидалары мен кезеңділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулер көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, жұмысқа қабылдау кезінде алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және “Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексеруден өту” мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы».
 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығы «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы.
Кәсіптік аурулардың алдын алу ұйымдастырушылық, санитариялық-гигиеналық, техникалық және медициналық іс-шаралар кешенін қамтиды:
• Міндетті медициналық қарап-тексерулерді жүргізу (алдын ала, мерзімдік, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі)). Медициналық қарап-тексерулер кәсіптік аурулардың бастапқы белгілерін дер кезінде анықтауға, қызметкерлердің денсаулық жағдайын бақылауға және олардың белгілі бір жұмыс түрлерін орындауға жарамдылығын анықтауға мүмкіндік береді.
• Еңбек жағдайларына өндірістік бақылау жүргізу. Зиянды өндірістік факторларға зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу өндірістік бақылау нәтижелері арқылы еңбек жағдайларын бағалауға және олардың қызметкерлердің денсаулығына зиянды әсерін төмендету бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
• Қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету, жеке қорғаныш құралдарын (респираторлар, қорғаныш көзілдіріктері, арнайы киімдер және т.б.) қолдану.
• Қызметкерлерді қауіпсіздік ережелеріне оқыту және ықтимал тәуекелдер туралы хабардар ету.
• Санитариялық-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз ету, еңбек және демалыс режимін сақтау, жеке гигиена талаптарын орындау.
• Заманауи технологияларды енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zko/press/news/details/1241890?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді