БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Рахметұлы Мұқаев БҚО Шахмат федерациясы РҚБ атқарушы директоры Марат Сәкенұлы Қазекеновті қабылдады.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылдың 16 маусымында, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Рахметұлы Мұқаев БҚО Шахмат федерациясы РҚБ атқарушы директоры Марат Сәкенұлы Қазекеновті қабылдады.

Кездесу барысында Марат Сәкенұлы БҚО мәслихат төрағасы Мұрат Рахметұлына Ақтау қаласында өткен «Senat Open – 2026» III Ашық шахмат кубогының жартылай финалдық кезеңінде Батыс Қазақстан облысы құрамасының командалық есепте І орын иеленгенін растайтын жеңіс сертификатын табыстады. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының командасы «Senat Open» турнирінің жартылай финалдық кезеңінде үшінші жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бұл өңірде шахмат спортының қарқынды дамып, жүйелі түрде қолдау тауып отырғанының айқын дәлелі.

Батыс Қазақстан облысының шахматшылары соңғы жылдары республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Senat Open» I ашық кубогінің жартылай іріктеу кезеңінде өңір намысын қорғаған азаматтар жеңіс тұғырынан көрініп, облыс абыройын асқақтатты. Ал 2025 жылы Астана қаласында өткен «Senat Open» II республикалық турнирінде Батыс Қазақстан облысының құрамасы жүлделі І орынды иеленіп қана қоймай, турнир кубогын жеңіп алып, үздік нәтижеге қол жеткізді.

Биыл Ақтау қаласында өткен «Senat Open – 2026» III Ашық шахмат кубогының жартылай финалында да жерлестеріміз тамаша ойын өрнегін көрсетіп, командалық есепте І орынды жеңіп алды.

Кездесу барысында Мұрат Мұқаев шахматшыларды жарқын жеңістерімен құттықтап, өңір спортының дамуына қосып жүрген үлестері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар республикалық финалға жолдама алған барлық қатысушыларға Астана қаласында өтетін шешуші додада сәттілік пен толағай табыс тіледі. Сондай-ақ, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Рахметұлы Батыс Қазақстан облысының шахматшыларына қалыптасқан жеңісті дәстүрді жалғастырып, алдағы жылдары да «Senat Open» кубогын қайтадан иелене берулеріне тілектестік білдірді.

Батыс Қазақстан облысының намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымызға жаңа белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zko/press/news/details/1241923?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді