
Бразилиа, 2026 жылғы 16 маусым – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Боливия Елшілігіне барып, Боливияның Уақытша сенімді өкілі Альваро Эдуардо Пардо Гарвизумен кездесті.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Боливия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен оларды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы ықпалдастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, 2026 жылғы 19 сәуірде Анталия дипломатиялық форумы аясында Анталия қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Боливияның Сыртқы істер министрі Арамайо Карраско арасында өткен кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
Альваро Эдуардо Пардо Гарвизу өз кезегінде, Қазақстан мен Боливия арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растап, екі елдің дипломатиялық өкілдіктері арасындағы тұрақты диалогты сақтау саяси және экономикалық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар танымал боливиялық кәсіпкер Хорхе Ормачеяның Қазақстан Республикасының Боливиядағы Құрметті консулы лауазымына кандидатурасын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша екі мемлекеттің елшіліктері деңгейінде тұрақты жұмыс байланыстарын қолдап отыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1241988?lang=ru

Жауап қалдыру