
Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылында 2026 жылдың алғашқы бес айында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Осы орайда, ауыл әкімдігі тарапынан есепті кезеңде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған басымдықтар аудандағы тұрақты дамуының айқын көрінісі болып табылады.
Ауыл өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі-санитарлық тазалық пен абаттандыру саласында биыл түбегейлі өзгерістер орын алды. Қарақия ауданы бойынша жаңадан құрылған «Таза Қарақия» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен арадағы жасалған келісімшарт негізінде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Құланды, Бостан және Сенек ауылдарын арнайы екі техникамен қамтамасыз ететін бұл мекеме бүгінде ауыл ішінде тұрақты жұмыс орнын ашып, 5 көше тазалаушы, 2 көлік жүргізуші және 1 шеберді қосқанда, барлығы 8 жергілікті тұрғынды тұрақты еңбекпен қамтып отыр. Көктемгі сенбіліктер науқаны аясында елді мекендегі қоршаулар мен шарбақтар сырланып, эстетикалық келбеті жақсартылды. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында М. Өскінбайұлы көшесінің жұртшылығы өз қаражаттары есебінен қоршау ішіне 41 дана туя ағашын отырғызса, ауылдағы өзге де мекемелер өз аулаларына 100 тал егіп, жасыл желек аумағын кеңейтуге сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, көктемгі жауын-шашын салдарынан пайда болған жыралар арнайы техниканың көмегімен тегістеліп, жер бедері қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, ауылдық округтің инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамыту мақсатында 2026 жылы бюджеттен 47,8 миллион теңге бөлініп, бүгінде нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығын, оның ішінде жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыл сыртынан мал суаратын құдық қазу үшін «Бисен» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарты жасақталды. Бүгінгі таңда 102 метр тереңдікте құдық құбыры жүргізіліп, су шығару насосы мен баламалы энергия көзі болып табылатын күн электр панельдері толықтай орнатылды.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін Қ. Күржіманұлы көшесіне жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құрайтын тротуар төсеу жұмыстарына 11,5 миллион теңге қаралып, «Жақсымұратова» жеке кәсіпкерлігімен бірлескен құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құланды ауылы әкімдігінің бұл кешенді шаралары елді мекеннің әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының қолайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жасалған нақты әрі жемісті қадамдар болып табылады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1242474?lang=ru

Жауап қалдыру