
Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында жүргізілген профилактикалық жұмыстар барысында учаскелік полиция инспекторы жалғызбасты әйелдің қиын әлеуметтік жағдайын анықтады. Нәтижесінде полиция, коммуналдық қызмет өкілдері мен еріктілер жұмылып, үй ауласынан 10-нан астам жүк көлігіне тиелетін қоқыс шығарылып, тұрғынға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторы Мади Крокус интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрғындарды үйме-үй аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде ерекше жағдайға тап болды.
Әкімшілік аумақтағы тексеру барысында есігі үнемі жабық тұратын үй полиция қызметкерінің назарын аударған. Көршілерінен мән-жайды анықтау барысында аталған үйде денсаулығында кінәраты бар жалғызбасты әйелдің тұратыны және оның ұзақ уақыт бойы үйіне түрлі қоқыс қалдықтарын жинап келгені белгілі болды. Үй аумағын сырттай қарау кезінде аулада еркін жүрудің өзі қиын екені анықталған.
Осы жағдайға байланысты Арыс қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері, белсенді жастар мен еріктілер, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығының психолог мамандары жұмылдырылып, санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалау барысында үй ауласынан жалпы көлемі 10-нан астам жүк көлігіне тиелетін қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар медицина және психология саласының мамандары азаматшаның денсаулық жағдайын тексеріп, оған арнайы ем қабылдау қажеттігін анықтады.
Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне де бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Тазалық – тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір азамат өзі өмір сүріп жатқан ортаның тазалығы мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1242622?lang=ru

Жауап қалдыру