
2026 жылғы 13 маусымда Екібастұз қаласының күніне орай қалалық ипподромда бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған жарысқа өңірдің үздік шабандоздары мен жүйрік тұлпарлары қатысып, көрермендерге тартысты дода сыйлады. Жарыс барысында қатысушылар бірнеше қашықтық бойынша бақ сынасты.
Бағдарлама аясында 7 шақырымдық құнан бәйге (ҚР жылқылары), 7 шақырымдық құнан бәйге (жалпы), 12 шақырымдық ТОП бәйге және 18 шақырымдық аламан бәйге өткізілді.
Жарысқа жиналған ат спортының жанкүйерлері ұлттық спорттың көркін тамашалап, шабандоздар мен тұлпарларға қолдау көрсетті. Бәйге барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара ұлттық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталды. Бәйге мерекесі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, Екібастұздың 69 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың маңызды бөлігіне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ekibastuz-politika/press/news/details/1242818?lang=ru

Жауап қалдыру