«Кітап керуені» Нағи Ілиясов ауылынан бастау алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қызылорда облысында кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін дамыту және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы «Кітап керуені» жобасы Нағи Ілиясов ауылынан бастау алды. Шараның салтанатты ашылуына Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев пен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов қатысып, жобаға сәттілік тіледі. Кітап керуеніне өңірдің ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлері де арнайы қатысты. Іс-шара «Сыр елі – кітап керуені» атты мәдени бағдарламамен басталды. Оның аясында кітапхана саласының үздік мамандары мен белсенді оқырмандары марапатталды. Қазақстан Кітапханалар одағының «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі, басқарма басшысының Алғыс хаты табысталып, оқырмандар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман», «Үлгілі оқырман отбасы» номинациялары бойынша қаржылай сертификаттарға ие болды. Бағдарлама аясында «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, белгілі жыршы Марат Сүгірбай және Сырдария ауданының қаламгерлері қатысып, руханият пен әдебиеттің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті. Жастар аудиториясына арналған «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбында шеберлік сағаты өткізіліп, «Кітап құрттары» клубының мүшелері кітап талқылауын ұйымдастырды. Сонымен қатар жастар арасында кітап оқуды дәріптеу мақсатында «Жастар оқиды» оқу эстафетасы бастау алып, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өткізілді. Ауқымды мәдени жобаның жүзеге асуына мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, қоғам қайраткері, «БАҚ» шаруа қожалығының төрағасы Серік Әбжәлиев және облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов демеушілік қолдау көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-cultura-arhiv/press/news/details/1243274?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді