
Абай облысында полицейлер 18 сағатқа жуық уақытқа созылған іздеу жұмыстарынан кейін жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты.

17 маусым күні сағат 00:36-да «102» арнасына Курчатов қаласының 46 жастағы тұрғыны жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Туыстарының айтуынша, әйел үйінен шығып кеткен және қайта оралмаған.
Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп іздеу жұмыстарын бастаған. Күні бойы қала көшелері, аулалар, қараусыз қалған аумақтар және қала маңындағы жерлер тексерілді. Полицейлер әрбір мүмкін нұсқаны қарастырып, іздеу жұмыстарын тоқтатпаған.
17 сағат 46 минуттан кейін Курчатов қаласының учаскелік полиция инспекторлары — полиция аға лейтенанты Ержан Исайынов пен қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы полиция капитаны Заңғар Асқарұлы әйелді қаладан шамамен 25 шақырым қашықтықтағы өзен жағасындағы жетуі қиын батпақты жерде тапқан.
Әйел қалың шөптердің арасында жатқан, қатты қорқып қалған және көмекке мұқтаж болған. Оған жетіп, қауіпсіз жерге шығару үшін полицейлердің бірі аяқ киімін шешіп, батпақты жермен жүруге мәжбүр болған.
Табылған әйелді тыныштандырып, полиция қызметкері оған:
«Қорықпаңыз, бізбен бірге сіз қауіпсіз жердесіз», — деген.
Қажетті көмек көрсетілгеннен кейін әйел туыстарына аман-есен тапсырылды.
Жақындарының айтуынша, олар әйелді тірі көреміз деген үміттерін үзе бастаған. Алайда полицейлердің табандылығы мен бірлескен әрекетінің арқасында іздеу жұмыстары сәтті аяқталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1243303?lang=ru

Жауап қалдыру