
Ағымдағы жылдың 16 маусымында Департамент жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде Атырау облысы Полиция департаментінің ұсынымы негізінде «Zhaik Binom School» мектебінің психологы Г. Ситкирееваға және Атырау қаласы полиция басқармасының хатына сәйкес №18 «Балдырған» бөбекжай-бақшасының сол кездегі тәрбиешісі С. Баланға қатысты мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Полиция департаментінің өкілі Д. Бұлжанов пен мектеп басшысы Г. Ботагариеваның баяндамалары тыңдалып, педагог-психолог
Г. Ситкирееваның оқушыға берген психологиялық-педагогикалық қорытындысы зерделенді. Кеңес шешімімен қызметтік міндеттерін орындауда кемшіліктер жібергені үшін оған қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау жөнінде жұмыс берушіге ұсыным енгізілді.
Екінші мәселе бойынша С. Баланға қатысты материалдар мен бейнежазба толық қаралып, оның қызметінде бұзушылықтар анықталмады деген қорытынды жасалды. Сонымен бірге, лауазымдық міндеттерін түсіндіру мақсатында қазіргі жұмыс орны басшысына тиісті ұсыным берілді.
Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізу, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету және біліктілікті арттыру курстарынан уақтылы өту мәселелерін қатаң бақылауға алу жөнінде Атырау облысының білім беру басқармасына хат жолданды.
Департамент тәрбиеленушілер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control-atyrau/press/news/details/1243299?lang=ru

Жауап қалдыру