ҰЛТТЫҚ ӘУЕН ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН: ҚАЛА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҚАЗАҚ ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ АУҚЫМДЫ КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін қала күні қарсаңында Ж. Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының сахнасында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің «САЗ ТЕРБЕГЕН ШЫМКЕНТ» атты шығармашылық кеші өтті. Салтанатты шараның басты мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық өнердің құдіреті мен заманауи музыкалық синтезді паш ету болды.

Көркемдік жетекшісі Өмірбек Қонысбеков, бас дирижері Жамбыл Мейірбеков және дирижер Мәди Өмірзақтың жетекшілігімен өткен кеш Б. Көбенғалиевтің «Мерекелік увертюрасымен» ашылды. Бағдарлама барысында көрермендер Сүгір, Тәттімбет, Құрманғазының рухты күйлерін тыңдап, Оразәлі Жаңабаев, Мағжан Альтенбаев, Тұрар Әлменов пен Алмасқожа Мұзаппаров сынды дарынды әншілердің орындауындағы дәстүрлі әндермен сусындады.

Сондай-ақ, әлем классиктері Г.Доницетти, Дж.Бизе және П.Чайковскийдің әлемдік классикалық шығармалары Салтанат Жұмаділдаева, Ерлан Жандарбай және Балжан Көпжанованың жеткізуінде қазақ аспаптарының сүйемелдеуімен жаңа қырынан танылды. Кеш Шәмші Қалдаяқов пен С. Мұхамеджановтың танымал туындыларымен көмкерілді.

Айта кетейік, өзінің кәсіби жолын 2021 жылдың 17 маусымында бастаған бұл бірегей оркестр бүгінде халықаралық деңгейде танылып үлгерген. Ұжым бұған дейін Бакуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ресми кездесуде, сондай-ақ Рим, Венеция қалалары мен Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдени брендіне айналған. Ұлттық дәстүр мен әлемдік мәдениетті тоғыстырған бұл кеш Шымкенттің мәдени әлеуетін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1243326?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді