
Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Байоразова Айгүл Темірханқызы, бөлімнің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Көбейсін Хайрулла, ішкі істер органдарының ардагерлері Жақсыбай Беганыш, Жаманов Марат, сондай-ақ Руханият орталығы қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында дөңгелек үстел отырысын өткізді. Іс-шара барысында, қатысушылар заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу кезінде танымдық әңгімелер өрбіп, түрлі тағылымды кітаптар мен әдебиеттер таныстырылып, қызметкерлердің кәсіби және рухани білімдерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Дөңгелек үстел барысында полиция бөлімінің қызметкерлері ардагерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, олардың көп жылғы қызметтік тәжірибелерімен танысты. Ардагерлер ішкі істер органдарындағы қызмет барысында орын алған оқиғалармен бөлісіп, жас қызметкерлерге адалдық, жауапкершілік және кәсібилік жөнінде ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар, Руханият орталығының қызметкерлері де кездесуге белсенді қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыру мен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Олар осындай тағылымды кездесулердің жастар мен қызметкерлердің дүниетанымын кеңейтіп, кәсіби дамуына оң әсер ететінін атап өтіп, полиция қызметкерлері мен ардагерлерге өз ризашылықтары мен алғыстарын білдірді. Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, мұндай кездесулердің аға буын мен жас қызметкерлер арасындағы сабақтастықты нығайтуға, сондай-ақ заң мен тәртіп қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1243670?lang=ru

Жауап қалдыру