
Балқаш қаласында туристік бағыттағы индустриялық аймақ құрылып жатыр. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша жағалау аумағынан туристік инфрақұрылымды дамытуға арналған 14 гектар жер телімі бөлінді. Бұл – еліміздегі осындай форматта жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба. Оның аясында инвесторларға инженерлік желілері тартылған дайын жер учаскелері ұсынылады. Кәсіпкерлерге тек коммуникацияларға қосылып, нысандардың құрылысын бастау ғана қалады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа Балқашқа жасаған жұмыс сапары барысында жаңа индустриялық аймақтың жұмысы туралы баяндалды.

Индустриялық аймақта алғашқы нысан өз жұмысын бастап үлгерді. Мұнда демалушылар жыл он екі ай бойы өз қалауына сай демалыс түрін таңдай алады: еуропалық үлгідегі барнхаустарда немесе этноауыл стиліндегі киіз үйлерде демалуға мүмкіндік бар.

Инвестор Жақсықелді Иманбеков мұндай ауқымды жобаны мемлекеттік қолдаусыз жүзеге асыру қиын болар еді деп атап өтті.

Оның айтуынша, индустриялық аймақтың басты артықшылығы – дайын инженерлік инфрақұрылым. Аумаққа барлық қажетті желілер тартылған. Бұл жаңа нысандарды жедел іске қосып, жағалауды қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.

— Индустриялық аймақ — мемлекет қолдауының арқасында бизнес үшін өте қолайлы формат. Біз Балқаштағы демалысты заманауи әрі жайлы ету үшін жергілікті билікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз, — деді Жақсықелді Иманбеков.

Қазіргі уақытта индустриялық туристік аймақты дамыту жұмыстары жалғасуда. Мұнда тағы екі заманауи қонақүйдің құрылысы басталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1244303?lang=ru

Жауап қалдыру