
Балқаш көлінің жағалауында демалушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Тораңғалық курорттық аймағында шомылу орындары мен катерлер және гидроциклдер жүретін аумақтарды нақты ажырататын жаңа қалқымалы белгілер орнатылды. Сонымен қатар жағалауда жаңа пирс салынып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған құтқару бекеті ашылды.

Туристік маусым кезінде Балқаш жағалауындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке баяндалды.

Тораңғалықта құтқарушылардың тәулік бойы қызмет атқаруына арналған заманауи құтқару бекеті іске қосылды. Бекет судағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге толық бейімделген.


Осындай бақылау мұнараларымен және құтқару катерлеріне арналған арнайы түсіру алаңдарымен жабдықталған құтқару пункті Шұбартүбек демалыс аймағында да жұмыс істеп тұр. Жағажайларда құтқарушылардың тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған.

— Мемлекет басшысы туризмді дамытуға, демалушылар үшін лайықты жағдай жасауға айрықша көңіл бөліп келеді. Ең алдымен, адамдарға қауіпсіздік қажет. Азаматтарымыз бен шетелден келген қонақтар осындай 112 нөмірін көргенде өздерін сенімді әрі қауіпсіз сезінеді, – деп атап өтті Шыңғыс Арынов. — Балқаш өңірінде біздің тікұшағымыз тұрақты кезекшілікте болады. Ұшу құрамына арналған ангарлық кешен салынды. Облыс әкімдігі ұшқыштарды қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етті.


— Құтқару бекетінің ашылуы – бірлескен жұмыстың нәтижесі әрі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан маңызды жоба. Мұнда жасалғанның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Бұл бекет халық игілігіне қызмет етіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете берсін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев жағалауды абаттандыру жұмыстарының барысы жөнінде баяндады.


Қазіргі таңда ауқымды жұмыстар Тораңғалық пен Шұбартүбекте ғана емес, Барковское ауданында және қалалық жағажай аумағында да жүргізілуде. Негізгі басымдық демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға және туристік инфрақұрылымды жетілдіруге берілген. Осы мақсатта жағалау бойына бейнебақылау камералары орнатылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңартылуда, қоғамдық кеңістіктер заманауи талаптарға сай абаттандырылып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрі Сапар Сатаевқа «Азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін табыстады.
Сонымен қатар курорттық кенттерде тәулік бойы жұмыс істейтін модульдік полиция бекеттері мен жедел медициналық көмек көрсету пункттері ұйымдастырылған. Мұнда жедел жәрдем бригадалары тұрақты кезекшілік атқарады.
Ермағанбет Бөлекпаевтың атап өтуінше, басты міндет – судағы демалыстың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, тұрғындар мен туристер үшін жайлы әрі сенімді жағдай қалыптастыру.

Облыс әкімі сондай-ақ Бертіс шығанағын тазарту жұмыстарының барысымен танысты.

Акваторияны санациялау жұмыстары өткен жылдың күзінен бері жүргізіліп келеді. Мұнда заңсыз салынған пирстер бұзылып, қамыс алқаптары тазартылып, лай басқан учаскелер тазартылуда. Мердігер ұйым тазалау жұмыстарын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні төрт пирс толықтай бұзылып, бесіншісін демонтаждау жалғасуда. Оларды салу кезінде пайдаланылған шамамен 200 мың текше метр құрылыс материалы шығарылды. Сонымен қатар, аршып алынған топырақты жинақтауға арналған пульпа жинағыштар салынуда.
Балықтардың уылдырық шашу кезеңі аяқталғаннан кейін мамандар жерснарядтың көмегімен шығанақ түбін шөгінділерден тазартуға кіріседі. Аршып алынған пульпа мен қоқыс арнайы белгіленген полигондарға тасымалданатын болады.
Бертіс шығанағын толық тазарту жұмыстарын биылғы жылдың қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1244630?lang=ru

Жауап қалдыру