
Бүгін Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов гастрольдік сапармен туған жеріне келген белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласындағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировты қабылдады.
Кездесу барысында қала әкімі өнер майталманының қазақ театр өнерін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтіп, туған өлкеге арнайы сапармен келуіне ризашылығын білдірді.
– Сіз қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көрнекті режиссер, талантты мәдениет қайраткерісіз. Ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, жас таланттардың қалыптасуына бағытталған еңбегіңіз көпшілікке үлгі. Орал жұртшылығы Сіздің жетістіктеріңізді әрдайым мақтан тұтады, – деді қала әкімі.
Өз кезегінде Асхат Максимұлы туған жерінде жылы қабылдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, шығармашылық ұжымның гастрольдік сапары туралы айтып өтті.
Кездесу соңында Мұрат Байменов жерлесімізге шығармашылық табыс тілеп, ұлттық өнердің дамуына қосып жүрген еңбегі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, Асхат Маемиров – еліміздің театр өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан режиссер, көптеген халықаралық және республикалық жобалардың авторы әрі жетекшісі. Бүгінде ол шығармашылық ұжымымен бірге ұлттық театр өнерін насихаттап, көрерменге сапалы мәдени өнім ұсыну бағытында табысты еңбек етіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uralsk/press/news/details/1244802?lang=ru

Жауап қалдыру