
Ұлттық превентивтік тетікке қатысушылармен бірлесіп №50 мекемеге (әйелдер колониясы) мониторингтік сапар жасалды. Мекеме аумағы мен үй-жайларын аралау мекеме бастығының қатысуымен өткізілді. Сапар барысында мекемеде 239 сотталған әйел жазасын өтеп жатқаны анықталды.
Мониторинг барысында тұрғын үй-жайлар, ұзақ мерзімді кездесу бөлмелері, карантин бөлімшесі, асхана, монша-кір жуу кешені, келіссөздер бөлмесі, сондай-ақ мекеменің өндірістік нысандары қаралды. Сотталғандармен ұстау жағдайлары, құқықтарының сақталуы, медициналық көмектің ұйымдастырылуы, еңбекке тартылуы және туыстарымен әлеуметтік байланыстарын қолдау мәселелері бойынша әңгімелесу жүргізілді.
Қатаң ұстау жағдайында отырған адамдарға ерекше назар аударылды. Сотталғандардың бірімен оның құқықтарының сақталуы мен ұстау жағдайларына қатысты жеке кездесу өткізілді.
Мониторинг аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және режим талаптарының бұзылуының алдын алу мәселелері де зерделенді. Сотталғандардың өтініштері мен арыздарын қабылдауға арналған бес терминалдың жұмысы тексеріліп, олардың барлығының жарамды жағдайда екені анықталды. Сонымен қатар мекемедегі 420 бейнекамерадан тұратын бейнебақылау жүйесіне бағалау жүргізілді. Әкімшілікке бейнекамералардың толыққанды жұмысын қамтамасыз етіп, «соқыр аймақтардың» пайда болуына жол бермеу қажеттігіне назар аударылды.
Медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Әңгімелесу барысында сотталғандар медициналық көмектің жекелеген түрлерінің, оның ішінде стоматологиялық қызметтер мен офтальмолог дәрігердің консультациясының қолжетімділігіне қатысты бірқатар ескертулерін жеткізді. Аталған мәселелер қолданыстағы заңнама шеңберінде ықтимал шешімдерді әзірлеу мақсатында мекеме әкімшілігімен талқыланды.
Мониторинг жүргізу кезінде бас бостандығынан айырылған адамдармен қарым-қатынас жасаудың халықаралық стандарттарының, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының сотталғандармен қарым-қатынас жасауға қатысты ең төменгі стандартты қағидаларының (Нельсон Мандела қағидалары), сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнама талаптарының ережелері басшылыққа алынды.
Мониторинг қорытындысы бойынша ұстау жағдайларын одан әрі жетілдіруге, сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз етуге және мекемедегі өтініштерді қарау тетіктерінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
—————-

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-sko-oblysy/press/news/details/1244852?lang=ru

Жауап қалдыру