
«Заң мен тәртіп» іс жүзінде: ШҚО-дағы тағы бір ауыл алкогольден бас тартуды таңдады
«Алкогольсіз ауыл» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын, қоғамдық келісім мен қауіпсіздікті қолдайтын елді мекендердің саны артып келеді. Тұрғындары алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдаған кезекті ауыл – Тарбағатай ауданындағы Қамысты ауылы болды.
Бүгінде ауылда 22 үй бар, онда 89 адам тұрады. Тұрғындар санының аздығына қарамастан, ауыл халқы қоғамдық өмірге белсенді араласып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қоғамдағы қолайлы ахуалды нығайтуға ерекше көңіл бөледі.
«Алкогольсіз ауыл» бастамасына қосылу туралы шешімді тұрғындар ерікті түрде және бірауыздан қабылдады. Ауыл халқының пікірінше, алкогольден бас тарту денсаулықты нығайтуға, жеке жауапкершілікті арттыруға және балалар мен жастарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Қамысты ауылы осы бастаманы қолдаған Шығыс Қазақстан облысындағы 28-ші елді мекен атанды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде мұндай бастамалардың құқықбұзушылықтардың алдын алуда тиімді құрал болып табылатынын және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
— Қоғамдық қауіпсіздік әр адамның саналы таңдауынан басталады. Тұрғындар өзара құрметке, жауапкершілікке және салауатты өмір салтына негізделген ортақ құндылықтар төңірегінде біріге білгенде, бұл елді мекендегі тәртіптің, тұрақтылық пен әл-ауқаттың нығаюына оң әсер етеді, — деп атап өтті полиция өкілдері.
Қамысты ауылы тұрғындарының бастамасы жергілікті қоғамдастықтың бірлескен күш-жігері қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретінінің тағы бір жарқын үлгісі болды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1244849?lang=ru

Жауап қалдыру