Қала әкімі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских пен облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан арнайы қатысты.

Шара барысында Бақытжан Әмірбекұлы азаматтық қоғамның еліміздегі маңызына айрықша тоқталып, осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарды баяндады.

Бүгінде қалада 580 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Олардың 427-сі – қоғамдық бірлестіктер, 126-сы – қоғамдық қорлар, 27-сі заңды тұлғалар бірлестіктері. Қазір олардың 100-ге жуығы ғана белсенд қызмет атқаруда. Азаматтық қоғам өкілдерінің бастамасымен шаһарда «Тараз азаматтық орталығы», «Jambyl civil hub», «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобалары, Ой шебері» зияткерлік ойыны жүзеге асырылып жатыр.

Ерекше атап өтерлігі, бүгінге дейін Тараздың 10-нан аса үкіметтік емес ұйымдары мемлекеттік сыйлықақы иегері атанды. Оның ішінде «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2 рет топ жарды. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қала көлемінде 5 грант пен 17 әлеуметтік жоба іске асырылуда.

Келесі кезекте қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Ортақ мүдде» жобасы аясында аясында өткізілген шағын гранттар конкурсының жеңімпаздарына марапаттар табысталды.

Жиын аясында Геннадий Шиповских, “Елім-ай Достық” қоғамдық бірлестігінің басшысы Полина Ким, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы, «Халықаралық жыл волонтері» сыйлығының иегері Азамат Намелбек сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1244967?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді