
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығымен жұмыс кездесуін өткіздім.
Кездесу барысында ішкі істер органдары қызметінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, мәжбүрлеп ұстау орындарына жүргізілген мониторинг нәтижелері және полиция қызметіндегі құқық қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері басты назарға алынды.
Учаскелік полиция пункттеріне, уақытша ұстау изоляторларына, арнайы қабылдау орындары мен қабылдау-тарату пункттеріне жүргізілген мониторингтік сапарлардың қорытындылары туралы ақпарат бердім. Қамауда ұсталатын адамдарға лайықты жағдай жасау, оның ішінде санитариялық-тұрмыстық жағдайлар, медициналық көмек көрсету және тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Қылмыстық процесс барысында азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу шараларына ерекше назар аударылды. Басым бағыттар ретінде қызметтік үй-жайлар мен тергеу кабинеттерін толыққанды бейнебақылаумен қамтамасыз ету, бейнебақылаудағы «соқыр аймақтарды» уақтылы анықтап, жою, сондай-ақ заңсыз әрекет ету тәсілдеріне жол бермеу айқындалды. Ұсталған адамдарға адвокаттардың дер кезінде қол жеткізуін қамтамасыз етудің және нақты ұсталған сәттен бастап барлық процестік кепілдіктердің сақталуының маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ процестік әрекеттерді жүргізу кезінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтау және олардың мамандандырылған мекемелерде ұсталуының жағдайлары талқыланды. Бұдан бөлек, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, полиция қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру және тақырыптық оқыту іс-шараларын ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-sko-oblysy/press/news/details/1245700?lang=ru

Жауап қалдыру