
Қала әкімі Ернат Бәзіл «Қызылтас» саяжайының тұрғындарымен кездесті
Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл «Қызылтас» саяжайының тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында тұрғындар аумаққа табиғи газ тарту, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, және жер телімдерінің мәртебесін тұрғын үй алабына ауыстыру мәселелерін көтерді.
Өз кезегінде қала әкімі газдандыру жұмыстарына қатысты нақты ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жобаны жүзеге асыратын мердігер ұйым анықталған. Бүгінде қажетті қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Қала басшысы аталған бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, келесі жылы саяжай аумағын толық табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар Ернат Бәзіл тұрғындар көтерген өзге де мәселелерді жеке бақылауына алатынын айтып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, өткен жылы «10 саяжай аумағында көше жарығын орнату» жобасы аясында «ABS Electric» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, оның шеңберінде «Қызылтас» саяжайының 17 көшесіне көше жарығы желілері орнатылды. Қазіргі уақытта жарықтандыру жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2025 жылы жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын 4 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл ұзындығы 2,1 шақырым болатын 6 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындармен ашық пікір алмасып, барлық көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1245692?lang=ru

Жауап қалдыру