
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Құрық ауылында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Әділет Тұрсынбековтің есімі берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ішкі істер органдары қызметкерінің есімін ұлықтау туралы шешім оның ерлігіне, антына адалдығына және халыққа қалтқысыз қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі болды. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында жанын қиған полиция қызметкерінің есімі өңір тарихында мәңгі сақталады.
Әділет Тұрсынбеков Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында қызмет атқарды. Қызмет барысында өзін кәсіби білікті, принципшіл әрі өз ісіне адал қызметкер ретінде көрсетті. Қылмыстарды ашуға белсенді қатысып, құқықтық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосты.
2010 жылғы 23 желтоқсанда ұйымдасқан қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы іс-шара кезінде ауыр жарақат алып, 2011 жылғы 7 қаңтарда алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды. Ол соңғы сәтіне дейін қызметтік антына адал болып, азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанын құрбан етті.
Әділет Тұрсынбековтің ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Оның есімі қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған мемориалға алтын әріптермен жазылып, өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Сондай-ақ ол қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен және бірқатар ведомстволық наградалармен марапатталды.
Батыр полицейдің есімін көшеге беру – оның жарқын бейнесі мен ерлігін мәңгі есте сақтаудың, сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды көрінісі. Бұл – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанқиярлық танытқан полиция қызметкерлеріне көрсетілген зор құрмет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1246391?lang=ru

Жауап қалдыру