
Қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын күзету — үлкен жүректілікті, қырағылық пен жанқиярлықты талап ететін жауапты міндет. Осы жолда өз өмірін қиып, антына адал өткен батырлардың бірі — милиция қызметкері Байжан Мәулетұлы Қазиев.
Байжан Қазиев 1950 жылы 26 сәуірде Орал облысы, Чапай ауданының Октябрь ауылында дүниеге келген. Орал қаласында білім алып, еңбек жолын Ақсай қаласындағы «Қазсельхозтехника» бірлестігінде слесарь болып бастайды. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, кейін отбасылық жағдайына байланысты Миргород совхозында есепші болып еңбек етеді. Отан алдындағы борышын өтеп, 1972 жылы мамырда әскерден оралады. Жігерлі жасты аудандық комсомол комитеті милиция қызметіне шақырады. Әкесі Мәулет пен анасы Жұмажанның ақ батасын алған Байжан сол жылы маусым айында Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің ведомстводан тыс күзет бөлімшесіне милиционер болып орналасады. Осыдан кейін ол қарт ата-анасын қасына көшіріп әкеліп, сүйіктісімен шаңырақ көтеріп, жаңа тұрмыс бастаған еді.
Алайда, бейбіт күннің батырына айналған жас сақшының бұл бақыты ұзаққа созылмады. 1972 жылдың 23 қыркүйегінде Байжан түнгі кезекшілікке түседі. Түн ортасында орталық көшенің бойымен келе жатып, зейнеткерлер тұратын үйдің ауласынан күдікті дауыстарды естиді. Белгісіз біреулер қарттардың жеңіл көлігін айдап кетпекші болып жатқан еді. Үй иелерінің дауыс көтергенін естіген күдіктілер қаша жөнеледі. Қылмысқа жол бергісі келмеген Байжан олардың соңынан түседі. Күдіктілер іздерін жасыру үшін екі жаққа қашқанымен, бала жасынан спортпен айналысқан ширақ Байжан біреуін қуа жетіп, желкесінен ұстап алады. Осы сәтте тарс еткен мылтық дауысы шығады. Байжан тапаншасын суырып та үлгермей, шолақ мылтықтан атылған суық оқтан жерге құлап, есін жимастан қаза табады. Үйленгеніне небары екі-ақ ай болған 22 жастағы қыршын жастың қазасы бүкіл аудан жұртшылығының қабырғасын қайыстырды.
Байжан Мәулетұлының қылмыскерді ұстау кезіндегі жанқиярлық ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Ол қайтыс болғаннан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін» медалімен наградталды.
Бүгінде батырдың есімі Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің музейіндегі естелік тізіміне енгізіліп, фотосуреті «Қызмет бабында қаза тапқандар» экспозициясына қойылған. Батырдың еңбегін ұлықтау мақсатында 2025 жылдың 24 қазанында Орал қаласындағы №52 жалпы орта білім беретін мектепте Б. Қазиев атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 22 оқушы білім алуда. Сақшы ағаларының ерлігін мақтан тұтатын бұл ұрпақ — батыр рухының мәңгілік екенінің айқын дәлелі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1246443?lang=ru

Жауап қалдыру