
Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің тұжырымдамалық тәсілдерді пысықтаудан нақты әрекетке ұласқанын аңғартады.
Президент Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық табысы және аталған нәтижеге жеткізген жүйелі өзгерістер жайында мәлімет берді.
Содан кейін Президент ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі еуропалық серіктестерге Қазақстанның Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен, Кавказбен және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын айтты.
Мемлекет басшысы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін алға тартып, Қазақстан бұл ретте шынайы стратегиялық серіктестікті жақтайтынын жеткізді.
Жиында Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс, Сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчович, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Мора, Sarens Group президенті Лудо Саренс, Roca Group бас директоры Альберто Магранс, Dewulf Group бас директоры Хендрик Декрамер, Polpharma Group байқаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старaк, Airbus SE компаниясының Еуропа өңірі бойынша президенті Жоан Пелисье, Damen Shipyards Group тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі Роуз Дамен, LOT Polish Airlines әуе компаниясының бас директоры Михал Фийол, Bureau Veritas компаниясының Еуропа өңірі бойынша аға вице-президенті Венсан Бурдиль, Maersk Group басқарушы директоры Айхан Сидеф, Cargolux компаниясының коммерциялық жоспарлау жөніндегі аға вице-президенті Пьерандреа Галли, MAIRE Tecnimont бас директоры Алессандро Бернини сөз сөйледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ile-kazcik/press/news/details/1246790?lang=ru

Жауап қалдыру