
Мойынқұм ауданының экономикасы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке негізделген. Ауданда 600-ге жуық шаруа қожалығы тіркелген, олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы он жылда ірі қара мал саны 30 мыңнан 60 мың басқа дейін өсті. Биыл 4,5 мың гектар жерге егін егілді, оның ішінде дәндік жүгері алқабы кеңейтілді. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін каналдарды тазалау, жөндеу және бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Өнеркәсіп саласында алтын өндіру, цемент, гранит және барит өндірісі қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында аудан кәсіпорындары 64,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Алдағы жылдары 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, нәтижесінде 850-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Ауыз су мәселесін шешу бағытында бірқатар елді мекендерде жұмыстар атқарылуда. Мыңарал, Шығанақ, Бірлік, Биназар, Мойынқұм және Құмөзек ауылдарындағы су жүйелерін жаңғыртуға 8,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс басталды. Қылышбай ауылында жаңа ұңғыма қазылып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылмақ.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында электр желілері жаңартылып, жолдар мен көпірлер жөнделуде. «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автожолының бір бөлігіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталды.
Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешені, кітапхана және клуб пайдалануға берілді. Бірлік ауылындағы стадион жаңғыртылып, бірнеше ауылда жаңа футбол алаңшалары салынды.
Білім беру саласында Мыңарал мен Қарабөгет ауылдарында жаңа мектептер ашылды. Күшаман ауылында 80 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Денсаулық сақтау саласында жаңа медициналық нысандар пайдалануға беріліп, аудандық аурухананы күрделі жөндеу жоспарлануда.
Газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта магистральды газ құбыры тартылып жатыр. Жоба толық аяқталған кезде ауданның 9 елді мекені көгілдір отынмен қамтылады.
Мойынқұм ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1246793?lang=ru

Жауап қалдыру