БИЫЛҒЫ 5 АЙДА ОБЛЫСҚА 235 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен инвестиция тарту және өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша кеңес отырысы өтті. Жиынға басқарма басшылары, Орал қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып, құрылыс, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы салаларында оң серпін қалыптасқанын жеткізді. Сондай-ақ бірқатар салалар бойынша көрсеткіштердің төмендеу себебі мен нәтижеге қол жеткізу жолдары жөнінде талдамалық мәлімет айтылды. Өңірлік деңгейде барлық 6 негізгі экономикалық индикаторды толық орындаған Сырым ауданы көш бастап тұр.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев 5 айда облыс экономикасына 235 млрд теңге инвестиция тартылып, 14,9% өсім тіркелгенін мәлімдеді. Тартылған қаржының 94,3%-ы жеке секторға тиесілі. Құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібінде жоғары белсенділік байқалды. Биыл 1 трлн теңгеден астам инвестиция салу көзделді. Аймақ басшысы кезеңдік жоспардың уақытылы жүзеге асырылуы жылдық межеге тікелей әсер ететінін айтып, инвестициялық штаб тапсырмаларын тиянақты орындамаған құрылымдар мен аудан әкімдеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары өз бағыты бойынша кемінде 2 млрд теңге инвестиция тарту жөніндегі тапсырманың қалай орындалып жатқаны жөнінде есеп берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Президент тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция тартудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ тек дайын жобаларға иек артпай, ішкі резервтерді іздестіру, инвесторларды толық сүйемелдеу және тәуекел бағыттарға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uralsk/press/news/details/1247582?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді