Ақтөбеде «Жас сақшы» сыныбының түлектеріне сертификаттарды полиция генералы табыстады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында түлектерге аттестат тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл «Жас сақшы» бейіндік сыныбын 11-сыныптың 16 оқушысы тәмамдады.
Іс-шара барысында Ақтөбе облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайыркен Әлиев түлектерге «Жас сақшы» сыныбын сәтті аяқтағаны туралы сертификаттарды табыстап, оларды өмірлеріндегі маңызды кезеңмен құттықтады.
Облыстың бас полицейі өз сөзінде кадет сыныбында білім алу жастардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті, тәртіпті және заңға құрметті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол жас түлектерге алға қойған мақсаттарына сенімді қадам басып, білім мен кәсіби қызметте табысқа жетулеріне, елінің лайықты азаматы болып, қоғам игілігі үшін қызмет етулеріне тілектестік білдірді.
Түлектердің атынан Ералы Азамат сөз сөйледі.
— «Жас сақшы» қатарында жүріп, біз Отанды сүюді, тәртіп пен жауапкершілікті, достық пен адалдықты бағалауды үйрендік. Бұл жылдар бізді шыңдап, болашаққа болашаққа сеніммен қадам басуға үйретті. «Жас сақшы» сыныбының оқушысы бола жүріп, тәртіп пен патриотизмді басты құндылық етіп, өзге оқушыларға үлгі болуға тырыстық. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі өмірлік ұстанымға айналды, — деді түлек.
«Жас сақшы» жобасы жастарға патриоттық тәрбие беру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және полиция қызметінің беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Оқу жылдары ішінде оқушылар жалпы білім беру бағдарламасын меңгеріп қана қоймай, қоғамдық, спорттық және әскери-патриоттық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Салтанатты шара естелік суретке түсумен аяқталып, түлектерге жаңа өмір жолында ақжарма тілектер айтылды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1248141?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді