
Бүгін Приозерск қалалық мәслихатының VIII шақырылымдағы тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтіп, қала өмірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Алмас Ұлан Алмасұлы, қоғамдық кеңес төрағасы, мемлекеттік мекемелердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаланың әлеуметтік, мәдени және экономикалық даму бағыттарын қамтып, әр сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды. Алғашқы мәселе ретінде 2025 жылғы қалалық бюджеттің орындалуы және қаржы қаражатының игерілуі туралы есеп қаралды. Сонымен қатар Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Приозерск қаласының 2025 жылға арналған бюджетінің атқарылуы жөніндегі қорытынды есебін таныстырып, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қатысты ақпарат берді. Одан кейін Приозерск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдалды. Баяндамашы мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жастар саясаты мәселесі де кеңінен талқыланды. Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, оларды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, еріктілік қозғалысын дамыту және жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің қызметі қаралып, білім беру ұйымдарының жұмысы, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында атқарылған іс-шаралар баяндалды. Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары болды. Бұл бағытта қоғамдық орындарды көркейту, санитарлық тазалықты сақтау, жасыл желектерді күтіп-баптау және тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берілді. Отырыс барысында салалық бағыттар бойынша өзге де өзекті мәселелер көтеріліп, қала әкімдігінің тиісті жұмыс комиссияларының есептері тыңдалды. Депутаттар күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді. Отырыс қорытындысы бойынша қалалық мәслихат депутаттары қаралған барлық мәселелерді бірауыздан мақұлдап, оларды қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karaganda-priozersk/press/news/details/1248187?lang=ru

Жауап қалдыру