
Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрының «Арайлы қала» балет-антиутопиясының премьерасы өтті.
Жаңа қойылым 59-театр маусымын қорытындылады. Техногендік антиутопия жанрындағы бір бөлімді спектакльдің хореографы – Лаура Мақан. Музыкасын Олег Жевлаков жазса, либретто авторы – Альмира Исмаилова.
Қойылым болашақ қоғамның бейнесі арқылы адам мен технологияның арақатынасы, өмірлік таңдау және шынайы құндылықтардың мәні туралы ой қозғайды.
Спектакльде заманауи қала мен цифрлық ортаның сипаты көркем тәсілдер арқылы берілген. Авторлар осы арқылы адамның виртуал әлемге тәуелділігі мен табиғи өмірден алшақтауын көрсетеді.
Қойылым академиялық әуен мен заманауи электронды музыканы ұштастырады. Сахналық көріністі мультимедиялық проекциялар, футуристік костюмдер және әртістердің әсерлі пластикасы толықтыра түседі.
Лаура Мақан – қазақ балет мектебінің өкілі, көрнекті балетмейстер Болат Аюхановтың шәкірті. Бұл қойылым арқылы ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрындағы шығармашылық жұмысын қоюшы-хореограф ретінде қайта жалғастырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1248727?lang=ru

Жауап қалдыру