
Бүгінде азаматтар газет-журналдарсыз, радио, теледидар және әлеуметтік желілерсіз өмірді елестете алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің шеберлігі мен кәсібилігінің арқасында біз уақытылы әрі шынайы ақпаратқа қол жеткізіп отырмыз.
Облыстық полиция департаментінде коммуникация саласының қызметкерлері – ақпарат әлемін байытып, мазмұнды етіп жүрген, күн сайын павлодарлық тәртіп сақшыларының қызметі туралы хабар таратып, қазіргі полиция қызметінің маңыздылығы мен абыройын насихаттап жүрген мамандар құрметке ие болды.
Журналистердің қошеметімен Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын білдіріп, оларға грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Ол бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында тұрғындар өңір аумағындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы жедел ақпарат алып отыратынын атап өтті.
– Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен ынтымақтастыққа әрдайым дайын екендіктеріңіздің арқасында Қазақстан полициясының оң имиджін қалыптастыруға, полицейлердің ерлік істері мен қажырлы еңбегін насихаттауға үлес қосып келесіздер. Сіздер полицияның сан қырлы қызметін жіті бақылап, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру материалдарын оқырмандарға кәсіби түрде жеткізесіздер. Әрбір сөздеріңіз азаматтардың қоршаған ортаны жақсартуға деген ұмтылысын арттыра берсін! Сіздерге қызықты оқиғалар, өзекті тақырыптар, сарқылмас шабыт, кәсіби қызметте жаңа белестер мен шығармашылық табыс тілеймін, – деді Малик Оңғарбаев.
Сонымен қатар, полиция басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жедел жауап беріп, материалдар мен сюжеттер әзірлейтін өңірлік баспасөз қызметі қызметкерлерінің еңбегін де ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында полицейлердің БАҚ өкілдерімен әрдайым тығыз ынтымақтастыққа дайын екендігі, халыққа кәсіби түрде дайындалған ресми ақпаратты жедел жеткізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1249326?lang=ru

Жауап қалдыру