Павлодар облысында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар филиалы базасында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған конференция өтті.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Оған Павлодар облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері, нарколог дәрігерлер, психологтар, орталық мамандары, сондай-ақ есірткіге тәуелділіктен оңалтудан өтіп жатқан азаматтар мен олардың ата-аналары қатысты.

Конференция әлеуметтік, наркологиялық, психотерапиялық және құқықтық бағыттағы тақырыптық секциялар форматында ұйымдастырылды. Әрбір секция нашақорлықтың алдын алу және оны еңсерудің жекелеген мәселелеріне арналды.

Құқықтық секция аясында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысушыларға есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы айтып, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қатысушылар оңалтудан өтіп жатқан азаматтарды одан әрі әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Олардың қоғамға сәтті бейімделу тетіктері, мемлекеттік органдардың, медициналық мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылы, сондай-ақ тәуелділікті жеңе білген азаматтарды еріктілік қызметке және есірткіге қарсы профилактикалық жобаларға тарту мүмкіндіктері талқыланды.

– Құқық қорғау органдарының, дәрігерлердің, психологтардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың күш-жігерін біріктіретін кешенді тәсіл адамның толыққанды өмірге қайта оралуына көмектесіп қана қоймай, оның есірткінің заңсыз айналымына қайта тартылу және соған байланысты құқық бұзушылықтар жасау қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ирина Тимиргалиева.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1249336?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді